Оралда Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің төртінші өңірлік тренингі аяқталды
Орал қаласында Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің өңірлік семинар-тренингі өтті. Шараға өңірдің Жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысты.
Семинар бағдарламасы цифрлық дәуірдің өзекті сын-қатерлеріне арналды: қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талдап, жасанды интеллект құралдарын қолдану жолдарын меңгерді және жобалық басқарудың негізгі қағидаларымен танысты. Бұл құзыреттер қазіргі жастармен жұмыс істейтін мамандар үшін аса маңызды кәсіби талаптардың біріне айналуда.
Оралдағы семинар – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асырып жатқан кең ауқымды білім беру жобасының бір бөлігі. Бұған дейін мұндай тренингтер Қосшы, Шымкент және Алматы қалаларында өткен болатын. Жобаның соңғы семинары Павлодар қаласында өтеді.
Мемлекеттік жастар саясаты мектебі инновациялық шешімдерді енгізуге және тиімді жастар саясатын дамытуға бағытталған кәсіби қауымдастықты қалыптастыруды көздейді.