Шымкентте жастар саясаты мамандарына арналған цифрлық дағдылар бойынша тренинг өтті
2025 жылғы 11–13 маусымда Шымкент қаласында Мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында екінші оқыту тренингі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Бағдарлама мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, цифрлық дағдыларын дамытуға және жастар саясатын өңірлік деңгейде жүзеге асыруға заманауи құралдарды енгізуге бағытталған.
Жасанды интеллект және киберқауіпсіздік тақырыптары бойынша тренингті Айдос Әбенов өткізді. Қатысушылар жастармен жұмыста қолдануға болатын бірқатар практикалық дағдыларды меңгерді. Олар цифрлық және ақпараттық қауіпсіздіктің негіздерімен танысып, кәсіби қызметте жасанды интеллектті пайдаланудың мүмкіндіктерін зерттеді.
Жобаларды басқару саласындағы сертификаты бар маман (PMI), жобаларды басқару бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық және кәсіби стандарттарының әзірлеушісі Акбота Ақзамбекқызы қатысушыларды осы саладағы практикалық құралдармен таныстырды.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Жоба еліміздің әртүрлі өңірлерін қамтитын бес аймақтық тренингтен тұратын форматта жүзеге асырылуда. Алғашқы кезең Қосшы қаласында өтті, екіншісі — Шымкентте. Алдағы уақытта Алматы, Орал және Павлодар қалаларында жалғасады.
Аталған бастама – Қазақстан бойынша жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби және тұрақты желісін қалыптастырудың маңызды қадамы, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық әрі тиімді тәсілдерді ілгерілетудің үлгісі болып табылады.