Құндылықтар, технологиялар және климат: Астанада «JastarX» платформасының жаңа маусымы басталды
2025 жылғы 4 маусымда Астанадағы «ÓzgeEpic» креативті хабында «JastarX» платформасының жаңа маусымындағы алғашқы кездесу өтті. Бас тақырып – жаңа ұрпақтың құндылықтары болды.
Кездесуге жас көшбасшылар, студенттер мен сарапшылар қатысты. Олар Қазақстандық жастардың құндылықтары қалай өзгеріп жатқанын, олардың климаттық сын-қатерлерге қалай жауап беретінін және тіл саласындағы қандай цифрлық шешімдер пайда болып жатқанын талқыға салды.
Ұлттық ғылыми-практикалық «Тіл-Қазына» орталығының Цифрлық трансформация орталығының жетекшісі Айгерім Серікжанова қазақ тілін цифрландыру жобасын таныстырып, жасанды интеллект негізіндегі TilQazyna LLM тілдік моделін көрсетті. Бұл инновациялық өнім мәтін құрастыру, қателерді түзету, және заманауи технологияларды пайдалана отырып, қазақ тілін насихаттау мен дамыту мүмкіндіктеріне ие.
United Central Asian Professionals жобасының үйлестірушісі және Назарбаев Университетінің ғылыми көмекшісі Аружан Капарова жастардың климаттық дағдарысты еңсерудегі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, жас ұрпақ экологиялық күн тәртібіне белсенді қатысып, климаттың өзгеруі салдарларының күшеюін ескере отырып, орнықты болашақты қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.
«Жастар» ҒЗО» ЖШС-нің әлеуметтанулық зерттеулер және болжау басқармасының жетекшісі Сабина Шаймерденова соңғы әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу көрсеткендей, жастар үшін басты құндылықтар – отбасы, денсаулық және тұрақтылық. Сонымен қатар цифрлық технологияларға жоғары қызығушылық пен әлеуметтік желілердегі белсенділік байқалатынын атап өтті.
«JastarX» жобасы жастардың өзекті мәселелерін талқылап, болашаққа деген көзқарасымен бөлісетін ашық диалог алаңы ретінде өз жұмысын жалғастыруда.