Auyl CUP турнирінің ұйымдастырушылары – OzgerTeam қоғамдық қоры мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру жөніндегі Республикалық оқу-әдістемелік орталығы. Іс-шараға «Ауыл» партиясы мен Ansa жеке қоры қолдау көрсетіп, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық университет серіктес болды.
«Ауылдың таңы – елдің таңы» тақырыбындағы турнир ауыл мектептерінің дебатерлеріне ауыл мен ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылап қана қоймай, оларды шешудің өз бағдарламаларын ұсынуға мүмкіндік берді.
«Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, «Ауыл» партиясы жастармен жұмысты күшейтіп, мектеп оқушылары мен студенттердің зияткерлік және бизнес жобаларын қолдауға ерекше көңіл бөлуде.
«Ұлттық дебаттық турнир – Auyl CUP ауыл өмірі мен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Ауылдан келген дебатерлердің қатысқаны өте қуантады, өйткені олар бұл проблемаларды өз көздерімен көріп, тереңінен біледі. Біз осы арқылы жақсы кері байланыс алдық», – деді ол.
Ansa қорының атқарушы директоры және OzgerTeam қорының құрылтайшысы Мұрат Жұманбай:
«Қазіргі кезде өскелең ұрпаққа, әсіресе ауыл мектептеріне заманауи білім беру технологияларын қолжетімді ету маңызды. Auyl CUP осы бағыттағы сәтті жобалардың бірі болды. Біз бұл турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді көздеп, әріптестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деп атап өтті.
Турнирдің іріктеу кезеңі еліміздің 17 өңірінде өтті. Оған мыңға жуық оқушы, студент және педагог қатысты.
Аймақтық іріктеуден өткен Қазақстанның түрлі ауылдарынан келген үздік 20 фракция 20–21 маусым күндері Тараз қаласында өткен ұлттық кезеңге қатысты.
Олар урбанизация үдерісінің артықшылықтары мен кемшіліктерін, ауылда тұрудың пайдаларын және ауыл жастары үшін мүмкіндіктерді талқылады.
Сондай-ақ ауыл жастарына арналған кәсіпкерліктің жаңа механизмдерін және ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтау бағдарламасын ұсынды.
Сонымен қатар, дебатерлер «Ауыл» партиясын жастар арасында ілгерілетудің тиімді жобаларын жасап, қорғады.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге.
Турнирдің жеңімпазы атанып, 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үзынағаш ауылынан келген «Суетолог» командасы (Ынтымақ Жүніс пен Жамшидбек Қалдибаев) жеңіп алды.
300 мың теңге көлеміндегі екінші орын жүлдесін Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылынан келген «Жаңа жастар» командасы (Жігер Өтепқали мен Альмира Уәлижан) иеленді.
Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Дариян ауылынан келген «Икигай» фракциясының өкілдері – Төремұрат Гүлден мен Уәлиева Айгерім – үшінші орын иегері атанып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Турнирдің ең үздік спикері – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылынан келген «Триумф» фракциясының мүшесі Айнұр Дәуірхан. Ол 100 мың теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды.
Ең үздік төреші болып – республикалық және ұлттық студенттік дебат турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, теледебаттар қатысушысы Дархан Өмірбеков танылды.
Дереккөз: Tengrinews.kz