2025 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурсқа өтінімдер қабылдау басталды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша байқаудың басталғанын хабарлайды.
Грант тағайындаудың мақсаты – шығармашыл әрі белсенді жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа бастамалар мен идеяларды мемлекеттік қолдау.
2025 жылы республикалық деңгейде 3 миллион теңгеден 30 грант тағайындалады.
Грантқа 14 жастан 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Грант жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде 6 бағыт бойынша беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, халықтың мәдени дәстүрлері мен өнерін ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін;
«Медиа» – жастарға арналған танымдық, пайдалы, қызықты контент жасау жобаларын қоса алғанда, жаңа медиа-жобаларды іске асыру үшін;
«Волонтерлік» – өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды жүзеге асыру үшін.
Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 16 маусымнан 18 тамызға дейін (сағат 24:00-ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com электрондық поштасы арқылы жүргізіледі.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде):
-
Қосымша-1-ге сәйкес өтінім нысаны (PDF формат);
-
Қосымша-2-ге сәйкес жоба сипаттамасы (Word формат);
-
Видео (60 секундтан аспайтын) немесе жоба таныстырылымы (10 слайдтан аспайтын);
-
Қосымша-3-ке сәйкес шығындар сметасының жобасы (Word формат);
-
Зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болған жағдайда, PDF формат);
-
Жеке куәліктің немесе туу туралы куәліктің көшірмесі (PDF формат).
Дереккөз: Kazinform