Салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спорт түрін насихаттау мақсатында Атырауда екінші рет дәстүрлі Atyrau Marathon жарысы өтті. Еліміздің барлық өңірінен және жақын шет елдерден барлығы 3 мыңға жуық адам қатысқан марафонда абсолют чемпионға ұйымдастырушылар бәйге атын тарту етті. Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы және спринттен КСРО рекордшысы Әмен Тұяқов, Азияның, Африканың, Австралияның және Американың ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен адамзат тариxындағы алғаш атлет Марат Жыланбаев, сондай-ақ Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Әлем біріншілігінің қатысушысы Александр Романовтар құрметті қонақ болған марафон көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады.
Atyrau Marathon ұйымдастыру алқасы атап өткендей, арнайы сый кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұрын жылқы малы қазақтардың тұрмыстық өмірінде ерекше орын алған. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлде – чемпионның символы мен ерік-жігерін білдіреді. Кез келген ат марафонның қашықтығын тоқтаусыз жеңе алмайды. Жеңіске деген жігері үшін параолимпиадашылар Ерлан Қазиев пен Кенгес Қадыралинге арнайы сыйлық тапсырылды. Ал жарысқа қатысқандардан жасы үлкен 71 жастағы зейнеткер Бекет Қадыралин болды. Марафонда өздерін белсенді көрсеткендерге Әмин Тұяқовтың авторлығымен шыққан кітап сыйға берілді.