«Біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Жас Ұлан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ақнұр Нурталапқызы цифрлық ұрпақ арасындағы азаматтық белсенділікті дамыту жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті.
Ақнұр, қайырлы күн! Бұл сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз!Қазіргі жастардың қоғамдық қызметке қызығушылығы қаншалықты жоғары?
Менің ойымша, жастардың қоғамдық қызметке деген қызығушылығы әрдайым болған, бірақ ол бәрінде бірдей емес. Жалпы жастардың 100%-ның ішінен шамамен 30–40%-ы белсенділік танытып, шын мәнінде атсалысады деп ойлаймын – бұл қалыпты жағдай. Қалғандары өздерін басқа салалардан іздейді – бұл да қалыпты жағдай.
Алайда соңғы 5 жылда «қоғамдық қызмет» біршама трендке айналғанын байқадым. Бұл қызықты әрі беделді бола бастады, ең бастысы – жастарды шынымен қызықтыра алатын ұйымдар көбейді. Соның арқасында қатысу жеңіл, қолжетімді, әрі қызықты бола түсті.
Astana Times-тің мәліметінше, 2024 жылдың басында елімізде еріктілер саны 240 000-ға жеткен. Ал бұл көрсеткіш 2021 жылы 117 000 болған – үш жыл ішінде екі есеге жуық өскен.
«Жас Ұлан» ұйымында да дәл осындай тенденциялар байқалуда: оқушылардың қоғамдық жобаларға қатысуы соңғы үш жылда 40–45%-ға артты. Жас көшбасшылар экологиялық акциялар, цифрлық гигиена бойынша бағдарламалар, әлеуметтік науқандар өткізіп, мұның бәрін жүйелі әрі өз бетімен жүзеге асыруда.
Маған ең маңыздысы – мемлекет тарапынан қолдау бар. Жастарға арналған ұлттық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, өздерін көрсетуге, тәжірибе жинауға, дағдыларын дамытуға және қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалып жатыр.
Ең шабыттандыратыны – жастар ешкімнен ештеңе күтпейді, керісінше, өздері белсенді. Цифрлық дәуірде жастар – белсенді, ізденімпаз, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, өз бастамаларын жүзеге асыратын буын. Жауапкершілігі жоғары, әрекет етуге дайын ұрпақтың өсіп келе жатқанын көру – үлкен қуаныш.
«Жас Ұлан» жаңа буын – цифрлық жастардың қызығушылықтарына қалай бейімделіп жатыр?
Бүгінгі жастар – бұл цифрлық ұрпақ. Олар үшін технологиялар – өмірдің ажырамас бөлігі. Біз «Жас Ұланда» мұны жақсы түсінеміз және жастармен бір толқында болуға тырысамыз.
Біріншіден, біз қызметімізге цифрлық форматтарды белсенді енгізудеміз – онлайн-сауалнамалар мен челлендждерден бастап, білім беру курстары мен геймификацияланған платформаларға дейін.
Бүгінгі таңда гаджеттер мен технологиялар жастардың өмірінің бір бөлшегі. Біз бұған тыйым сала алмаймыз – тіпті ондай мақсатымыз да жоқ. Біздің мақсат – балаларды онлайн болудың мәдениетіне үйрету.
Сол себепті біз цифрлық гигиена, медиасауаттылық және қауіпсіз интернет тақырыптарындағы жобаларды іске асырамыз.
«Жас Ұлан» үшін әрқашан бастысы – жастармен бір толқында болу. Біз балаларға еркіндік береміз – әрекет етуге, ой айтуға, идея ұсынуға. Шектеу қоймаймыз, керісінше, уақытпен бірге ілесуге тырысамыз, трендтерді бақылап, жұмысымызды жаңа ұрпақтың қызығушылықтарына бейімдейміз.
Жастар өте тез өзгереді, біз тоқтап тұра алмаймыз. «Peer to peer» – олар бізді үйретеді, біз оларды үйретеміз. Бұл – өзара процесс, дәл осы сәт біздің күшіміз.
Ұйымыңызға мүше болу қандай мүмкіндіктер береді?
Ұйымымыздың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтенуіне, өздерін табуына көмектесу. Барлық жобаларымыз бен іс-шараларымыз осы бағытта.
«Жас Ұлан» мүшесі болу – тек төсбелгі мен көгілдір галстук тағу емес. Бұл – үлкен, белсенді және достыққа толы қауымдастыққа кіру. Мұнда әр бала өзін әр қырынан байқап, өз дағдыларын дамытып, өзінің даусы маңызды екенін сезіне алады.
10 жылдан астам уақыт бойы ұйым жанында еріктілер штабы жұмыс істеп келеді. Бұл көптеген жастар үшін өмір мектебіне айналды. Олар мұнда командамен жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды, сенімді сөйлеуді, өзгелерге көмектесуді үйренеді.
Осы тәжірибенің арқасында көптеген жас шетелдің үздік университеттеріне түсіп, гранттар алып, табысты мансап құрып жатыр.
Бұдан бөлек, біз халықаралық іс-шараларға, форумдарға, табысты адамдармен кездесулерге қатысуға мүмкіндік береміз. Мысалы, биыл жасұландықтар Мемлекет басшысымен бірге ағаш отырғызуға қатысты, ҚР Парламенті Сенатына экскурсия жасап, министрлермен кездесті. Сонымен қатар шетелдік серіктестердің шақыруымен тегін түрде шет елге шығып, елімізді халықаралық платформаларда таныстырды.
Бұл – әлемді тануға, басқа мәдениеттерден үйренуге, көкжиегін кеңейтуге және байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік.
Ал ең маңыздысы – бұл қауымдастық. Жасұландықтар дос, тәлімгер, қолдау табады. Бұл – өз болмысыңды табуға, қателесуге, өсуге және жалғыз емес екеніңді сезінуге болатын орта.
«Жас Ұланның» жастардың азаматтық белсенділігін дамытуға қосқан үлесін қалай бағалайсыз?
«Жас Ұлан» – он жылдан астам уақыт бойы оқушылар арасында азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеудің сенімді алаңы болып келеді.
Біз ең басты нәрседен – бейжайлық танытпау сезімінен бастаймыз. Әр бала қоғамға пайдалы бола алатынын, айналасындағы жағдайға әсер ете алатынын түсінуі керек.
Мектепішілік бастамаларға, қоғамдық акцияларға, патриоттық және экологиялық жобаларға қатысу арқылы балалар белсенді болуды үйренеді – бұл олар үшін мәжбүрліктен емес, маңыздылығынан туындайды.
Біз оқушыны жай орындаушы емес, толыққанды қатысушы, идея авторы, ұйымдастырушы, көшбасшы ретінде қабылдаймыз.
Ұйымымызға 14 жылдан асты, осы уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылды. Айта кетсем артық болмас, еліміздегі әр бесінші жас бала кезінде «Жас Ұлан» қатарында болған. Яғни, олар алғашқы қоғамдық белсенділік қадамын дәл осы ұйыммен бірге жасаған. Бұл – үлкен жауапкершілік және үлкен мақтаныш.
Ең құндысы – біз еңбегіміздің нәтижесін нақты көріп отырмыз. Бұрын жай мектеп шараларына қатысқан балалар бүгінде белсенді азамат, ерікті, қоғамдық қайраткер, жастар қозғалысының мүшесі атанып отыр. Бұл біз тек қатыстырумен шектелмей, ойлай алатын, жауапкершілік сезімі бар, қоғам игілігі үшін әрекет ететін ұрпақты тәрбиелеп жатқанымызды көрсетеді.
Сіз үшін балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшысы болу нені білдіреді?
Мен үшін балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшысы болу – үлкен жауапкершілік пен зор мәртебе. Бұл тек лауазым немесе мәртебе емес – бұл шынайылықты, үздіксіз дамуды және балалардың үнін ести білуді талап ететін ішкі миссия.
Күн сайын мен мынаны ойлаймын: біз жай ғана қатысушылар емес, ертеңгі қоғамды қалыптастыратын болашақ азаматтардың дүниетанымын тәрбиелеп жатырмыз. Бұл – әрі шабыт, әрі үлкен міндет.
«Жас Ұлан» көшбасшысы болу – баланың өз-өзіне сенбеген сәттерінде де оған сену. Қолдау көрсету, бағыт беру, кейде жай ғана жанында болу. Бұл – күнделікті жұмыс, оның нәтижесі – баланың жарқыраған көзі.
Және, бәлкім, ең құндысы – сен тұтас бір буынның балалық шағына ықпал ете алатындығыңды сезіну. Балалықты сәл сенімдірек, жарқын әрі әділ ету – бұл дегеніміз, бүкіл елдің болашағына әсер ету.
Сұхбат үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан «Жастар» ҒЗО сарапшысы Жамалбек Фатима
Фотоматериалдар Ақнұр Нурталапқызы жеке мұрағатынан алынды
Жауапкершіліктен бас тарту: Осы материалда айтылған пікір мен көзқарас автор(лар)ға ғана тиесілі және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ресми ұстанымын көрсетпейді. Сонымен қатар Орталық осы материалдағы ақпараттың дәлдігі, толықтығы немесе сенімділігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды.