Сұхбаттар
Дәулет Кәрібек: Жастардың саяси белсенділігін мемлекеттің игілігі үшін пайдалану керек

Дәулет Кәрібек: Жастардың саяси белсенділігін мемлекеттің игілігі үшін пайдалану керек

Дәулет Кәрібек: Жастардың саяси белсенділігін мемлекеттің игілігі үшін пайдалану керек

- Қайырлы күн, құрметті Даулет Жамаубайұлы! Бізге уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Сіздің саясаттану мамандығының түлегі екеніңізден хабардармыз, осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Сәлеметсіз бе! Маған бала кезімнен бастап еліміздің тарихын оқу, жасалған реформалардың қыр-сырын түсіну қызық болатын. Сол қызығушылық есейе келе, Қазақстанның болашағына, оның дамуы мен гүлденуіне деген өз үлесімді қалай қоссам деген арманға айналды. Жан-жақты сараптай келе, таңдауым саясаттану мамандығына тоқталды. Осы ойымды жүзеге асыру үшін мен тарих пәнін кеңінен зерттеп, республикалық олимпиадаға қатысып, нәтижесінде сүйікті мамандығыма түсуге мүмкіндік алдым. Еуразия ұлттық университетінің саясаттану мамандығын бакалавриат-магистратура-докторантура деңгейлерін аяқтадым. Осы бағытты, осы университетті таңдағаныма еш уақыт өкінгенім жоқ. Алған білімім мен дағдыларым ЕҰУ-нің арқасында деп айта аламын.

- Қазіргі уақытта қазақстандық жастардың саясатқа қатысуының деңгейіне қандай баға бере аласыз?

- Қазақстандағы әрбір үшінші сайлаушы – 30 жасқа дейінгі азамат. Жастар - еліміздің өте белсенді қатысушылары. Маңыздысы - жаңа буын өкілдері, жас электораттың – елдің ертеңіне бейжай қарамайтын бөлігі. Еліміздің жастарының саяси белсенділігі өте жоғары. Алдыңғы президенттік сайлаулар да жастардың пайыздық қатысуы жылдан жылға өсім түрінде келетін. 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың ең аз дегенде 70-80 пайызы сайлауға, саяси шараларға  қатысады.

Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауының мәні тереңде жатыр. 1990-2000 жылдар аралығында бізде демографиялық ахуалымыз мүшкіл хәлде болды. 2000 жылдан бастап экономиканың күшеюіне, елдің әл-әуқатының жақсаруына байланысты демографиялық ахуал түзеле түсті, «бэби-бум» болды: жыл сайын 400-500 мың нәресте дүниеге келе бастады. Жақын 4-5 жыл ішінде еліміздің үштен бірін, яғни 30% астамын жастар құрайтын болады.  «Жастар жылының» жабылуы және «Еріктілер жылының» басталу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылы» 2019 жылмен аяқталып қалмайтынын айтты.  Осы тұрғыда жастардың саяси белсенділігін мемлекеттің игілігі үшін пайдалана отырып, «Елім», «Жерім» дейін азаматтарға кеңінен мүмкіндіктер ашу керек деп ойлаймын.


- Дарынды жастар үшін айқын, әрі тиімді әлеуметтік лифт құру мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жарияланған еді.  Сізді осы резервке өтуіңізбен құттықтаймыз! Жалпы, осы Президенттік жастар кадр резерві жайында ойыңыз қандай?

- Рахмет! Ең алдымен, Президенттік кадрлық резерв арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтқан тармақтарының орындалуын көріп отырмыз. Бұл бастама 2019 жылдың ортасына таман айтылса да, жыл соңына жетпей, резервтің іске қосылуы аппараттың тиімді жұмыс істеуін көрсетеді. Бұл жерде резервке өткен 300 адамның тағайындалуы емес, басты мақсат - мемлекетшіл, отаншыл жастардың өтіліне қарамай, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруына, мемлекеттік қызмет істеріне араласуына мүмкіндік беру. Президенттік кадрлық резерв, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жаңғыруына, оған жаңаша дем беруіне, жаңаша қалыптасуына жасалған нақты қадамдардың бірі деп есептеймін. Сондықтан, жастарды мемлекеттік қызметке тартудың осындай механизмдері жастар тарапынан жылы қабылданды. Жастар да жобаға қатысушы ретінде ғана емес, өздерінің бағындырар белесі ретінде, білімі мен тәжірибесінің, біліктілігінің сынға түсетін кезеңі деп қарады. Президенттің кадрлық резервіне енген отаншыл, білімді, креативті ойлайтын жастар мемлекетіміздің басты Жоспары – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, ондағы көзделген негізгі мақсат – әлемнің ең дамыған отыз елдің қатарына мемлекетіміздің енуіне барын салуы тиіс. Себебі, 30 елдің қатарына ену – білім мен медицина сапасының, миллиондаған адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруын білдіреді.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің бастапқы кезеңдері қиын болды, вербалды тест оңай болғанымен, математикалық тестілеу күнде жасап жүрмегендіктен қиынға соқты. Келесі кезеңдерде дайындықты күшейтіп, өзімізді жан-жақты көрсетуге тырыстық. Бұл резервті жастарға арналған челлендж деп түсінуге болады. Яғни, сын-қатер мағынасында емес, бағындырар белес деп айтуға болады. Кей сынақтар ойын түрінде өтті, ақпараттық жоба қорғадық. Әрбір тапсырған тестілеудің бейнекамераға жазылуы да іріктеудің ашықтығын, әділдігін көрсетті. Осылайша, үміткерлер әрбір кезеңде түрлі мүмкіндіктерін көрсете алды.


- Алдағы уақытта қызметіңіздегі жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Президенттік жастар кадрлық резервінің 7 мүшесі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде басшылық қызметке тағайындалды. Сонымен қатар, қалалық әкімдіктегі бос лауазымдар 10 резервшіге ұсынылды. Соның ішінде мен де бармын. «Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы лауазымына 28 қаңтардан бастап кірістім. Бұл салада атқаратын жұмыстар мен жобалар өте көп.

Жалпы, бұл Басқарманың негізгі миссиясы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, оның ішінде біз жастардың шығармашылық, рухани және оның салауатты өмір-салтының тұрақты дағдыларының қалыптасуына, жастар арасында азаматтық, құқықтық, адамгершілік мәдениетті дамытуға жағдай жасау қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, мәдениеттердің, діндер диалогының, ішкі саяси тұрақтылық пен этникааралық келісімді одан ары нығайтуға барымызды салуымыз керек. Сондай-ақ, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша ақпараттық насихаттау және түсіндіру жұмыстарын одан әрі нығайту, жастардың арасында құқықбұзушылықтың кез келген түріне, атап айтар болсақ, жемқорлыққа қарсы күресте тиімді бірыңғай мемлекеттік саясатты ұстану, нашақорлыққа, маскүнемдікке қарсы күресе отырып, отбасылық, демографиялық саясаттың тиімді жүзеге асырылуына өз күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет деп ойлаймын.

Сонымен бірге, жастар арасында қылмыстың, суицидтің және жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар мен жобаларды да іске асыратын боламыз.


- Жастар өмірде табысты болуы үшін оларға тән қандай мінез ерекшелігі болуы керек, жалпы не қажет деп санайсыз?

- Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден деп айтқан Әлихан Бөкейханов. Сондықтан да әр жас азамат мінезді болуы керек. Ел болашағы үшін әр бір жас өзінің қызмет ету саласы бойынша адал жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не бере аламын деп ойлауы дұрыс. Өз ойлары мен әрекеттерін заманауи үлгіде, тарихи жадымыздағы рухани кодымызды ұмытпай тың жобаларды жүзеге асыру керек.

- Сұхбатыңызға рахмет! Қызметіңізге сәттіліктер тілейміз!

Әңгімелескен Майлина Дайана
03.02.2020 2024

Возврат к списку