«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Ғылым және білім беру саласындағы адам құқықтарының конституциялық кепілдіктері» тақырыбында «JASTAR X» диалог алаңы өтті.

Іс-шараға сарапшылар, ғылыми қауымдастық және онлайн режимінде өңірлерден жастар бастамаларын дамыту орталықтарының өкілдері қатысты.

Шара барысында ғылым және білім беру саласындағы адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері, академиялық ортаны дамытудағы конституциялық тетіктердің рөлі, сондай-ақ аталған бағыттағы өзекті мәселелер мен даму перспективалары талқыланды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, жаңа Конституцияда ғылым, білім, инновация басты стратегиялық бағыттар болып айқындалғанын атап өтті.

  • Жас респонденттердің 62 пайызы білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу маңызды екенін айтса, жастардың 52 пайызы ғылыммен айналысуға қызығушылық танытқан әрі биотехнология, медицина, экология мәселелеріне баса назар аударған, — деді Гүлісхан Нахбаева.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, PhD докторы Жақсылық Сәбитов Қазақ хандығының тарихи кезеңдері мен мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуына тоқталып, «Қазақстан тарихы» 7 томдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстары, жаңа зерттеулер мен тың деректер жайлы ақпаратпен бөлісті.

Kazakhstan Sociology Lab негізін қалаушы және әлеуметтанушы Әлия Сәрсекеева жобаның жастарды дамытуға және жас ғалымдарды қалыптастыруға бағытталғанына тоқталып, Сенат жанындағы сарапшылар клубы, сараптама мектебінің жұмысы жайлы айтты.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова жастар арасында ғылыми ортаны арттырудың маңыздылығы, жастардың ғылымдағы орны, институт жанындағы жас ғалымдар клубының жұмысы жайында баяндады.

ҚҚДИ төрағасының орынбасары Мунира Абулованың пікірінше, жас ғалымдардың әлеуетін арттыру тәсілдерін және қоғамда болып жатқан өзгерістерді ғылыми түрде қарастыру керек. Жас ғалымдар ЖОО жанында ғана өз біліктіліктерін арттыра алады, сондықтан оларды Алматы мен Астана қалаларына жіберу немесе өңірлік деңгейлерде ғылымның дамуына жағдай жасау қажет.

Қоғамдық заңнама және мемлекеттік басқару орталығының жетекшісі, PhD докторы Шолпан Саймова Парламенттік, Конституциялық реформада жастардың қызығушылығы жоғары болғанын жеткізді.

Этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау басқармасының басшысы Елдос Жұмағұловтың пікірінше, қоғам тарапынан бірнеше жыл қатарынан сапалы білімге деген сұраныс артқан. Сондай-ақ ол жастардың әлеуетін ескере отырып, оларды ғылымда қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды.

Ғылыми-зерттеу орталығының директоры жастарға арналған білім беру жобасы, аналитикалық және зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған «Jastar Research Hub» — жас сарапшылар акселераторы жайлы баяндады. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында өтеді. Жоба жас сарапшылардың кәсіби өсуіне қолайлы орта қалыптастыруға, зерттеу мәдениетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және цифрландыру, әлеуметтік-мәдени өзгерістер мен азаматтық белсенділіктің жаңа формалары жағдайында мемлекеттік саясаттың заманауи сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын тұрақты кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған. Курс түлектеріне жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіледі; өңірлерде аналитикалық жұмысты дамытуға тартылған белсенді түлектер пулы қалыптасады. Сонымен қатар, «Жастардың цифрлық картасы» жобасы әзірленіп жатқаны жайлы ақпарат берілді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *