Шымкенттік оқушы құбыр тазалайтын робот ойлап тапты

  • 07 февраля 03:33
  • 39
Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қуаныш Мәден құбыр тазалаушы робот ойлап тапты. Оқушы өз жобасын екі жыл бойы ойластырып, авторлық патентін иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қуаныш Мәден өзі ойластырған роботтың техникалық рефератын әзірлеп, формуласы мен схемалары жазылған құжаттарды Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсырған. Идея авторлығын растайтын патентті өткен жылы иеленген.

Идея авторы құбыр тазалайтын роботты бөлшектеп жинаған. Шымкенттік оқушының роботын бүкіл Қазақстан біледі.

«Жобамды қазір көбі біледі. Себебі мен біраз жарыстарға қатыстым. Бұл жұмысым маған республикалық «3.2.1. СТАРТ» байқауында 1-орын және 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы, 60 мемлекет арасында өткен халыкаралық CASTIC-2019 жарысында инженерлік ғылымдар санатында 2-орын алып берді»,- дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.

Айта кетейік, Қуаныш Мәден 2017 жылы «Жас өнертапқыш» номинациясын иеленген болатын. Өнертапқыш алдағы уақытта өз өнімінің отандық өндірісте кеңінен қолданылғанын қалайды.