Жаңалықтар
Еңбек және ел тұтастығы

Еңбек және ел тұтастығы

Еңбек және ел тұтастығы

Еңбек және ел тұтастығы

Жақында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында адал еңбек жөнінде маңызды дүниелер айтылды. Байқасақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал еңбек, адал азамат идеясын алдыңғы құрылтайда, Жолдауда бірнеше рет қаузады. Кешегі Әділетті Қазақстан идеясынан да заң, тәртіп үстемдік құрған әділетті қоғам қалыптастыру ұстанымын байқаймыз. Осының ізімен барлық салада әділ бәсекелестік орнаса, нағыз білікті, тәжірибесі толысқан мамандар төрге шықса, еншісі келер ұрпаққа тиеді. 

NEET жастар неге ниетсіз?

Нарықтағы өзгерістерге назар аударсақ, экономикалық ахуал­ еңбекке қабілетті азаматтар­дың үлесіне белгілі бір деңгей­де бағынатынынан байқаймыз. Әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, хал-ахуалы көбіне-көп ондағы жұмыспен қамтылған аза­маттардың көрсеткішіне қарай қалыптасады. Сондықтан жер­гілікті әкімдіктер жастарды жұмысқа тартып, біте қайнасқан қоғамдағы өзгерістерден құр қалмауға шақырады. Жыл са­йын NEET жастардың басын қосып, қажетінше бағыт-бағдар көрсетіп жатқан өңірлер бар. Олар оқымайтын әрі жұмыссыз жастарды анықтап, мейлінше жұмысқа орналасуға ықпалдасады. Бір қызығы, оқымайтын әрі ресми жұмыссыз жастардың көбі бірден NEET санатына қосылуы әбден мүмкін. Өңір-өңірде ресми тіркелмей, шағын кәсіппен, бау-бақша, мал шаруашылығы­мен айналысатын, маусымдық жұмысқа араласатын, тағысын-тағы бірнеше салада еңбек етіп, жұмысын растамайтын жастар баршылық. Әйткенмен оларды түгел кәсіби біліктілердің қатарына қоса алмайтынымыз анық. Жастарға нақ қазір керегі – біліктілік. Өйткені біліктілігі мол, қабілетті маманға сұраныс жылдан-жылға артып келді. Президент осы жолы Ұлттық құрылтайда еңбекқорлық және кәсіби біліктілік турасында ой-пікірін түйіндеп, жастарды мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалануға шақырды. Ендігісі – NEET жастарды осы бағдарламаға тарту ғана.

«Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал. Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған аулынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр», деді Президент Ұлттық құрылтайда.

Иә, білім алмай, ауылда қалу­ды жөн көретін жастар бар. Оның ішінде отбасылық шағын кәсі­бін дөңгелетіп, сұранысқа сай іспен айналысып жүргендер жетерлік. Қаладағы жаңашыл идеяларды ауылға әкелетіндердің дені – жергілікті азаматтар. Себебі қалада ісі алға басқандар оңайлықпен ауылға келе бер­мей­ді. Әрине, мүмкіндік болса ауыл, мейлі қала жастарының сапалы білім алып, сол білімді өндірісте пайдаланғанға жетері жоқ. Президент айтқан елдің батыс аймақтарына деп бөлінген білім гранттарының игерілмей қалғаны толғандырады. Мұның да бір емес, бірнеше себебі бар деп түйсіндік. Бәлкім, ақпа­рат­тандыру жұмыстары әлсін жүргізілсе керек немесе жас­тар­дың батыс өңірлерде білім алуға ыждағаты жоқ болар. Иә, қас-қабағына қарап отырған баласын алыс аймақтарға жіберуге жүрексінетін ата-аналар да кез­деседі. Осының салдарынан еңбек нарығында бә­секеге төтеп бере алмай, әлеуметтік жәр­демақы алып отырғандар бар. Қысқасы, NEET жастардың оқуға немесе жұмыс істеуге ниеті болғанымен, мүмкіндігі болмайды немесе жеңілдіктерді біле бермейді. Пре­зи­дент осы жолы Ұлттық құрылтайда шетелде білім алып, адал еңбек етіп, өзіне, еліне пайдалы іспен айналысып жүрген жастарды қолдайтынын аңғартты.

«Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақ­тарда, тіпті шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпелілердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпеліліктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс. Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр. Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, сау­дамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болып жатыр. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыс­танбайды. Заманауи көшпелілер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 200 мыңға жуық ел азаматының шетелде заңды түрде жұмыс істеп жүр деген деректі мысал етті.

Көші-қонның күнгей тұсы

Шетелде жүргендердің басым көпшілігі жастар болса керек. Осы тұста біз еңбек көші-қонындағы өзгерістерге зер салғанды жөн көріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатинмен пікірлескен едік.

– Жұмыс күші тапшы өңір­лерге мамандарды көшіру мақ­са­тында іске асып жатқан жоба­лар бар. Мы­са­лы, кейінгі екі жылда Алматы, Жетісу, Қызыл­орда, Жам­был, Түр­кістан облыс­тарымен қатар, Шым­кент, Алматы қалаларындағы білікті мамандарды Павлодар, Қостанай, Абай, Қарағанды секілді облыс­тарға көшіруге көңіл бөлінді. Яғни аталған өңірлерге қоныс ауда­руды жоспарлаған мамандарға мемлекеттен көмек көрсетіледі. Шамамен әр адамға – 70 АЕК көлемінде. Ал үй жалдайтын болса, коммуналдық қызметке бір жылға дейін 15-30 АЕК төңірегінде көмек қарастырылған. Қалай дегенде де бұл ішкі көші-қонды ынталандырудың қамы ғой. Жұмысшылардың сол өлкеде тұрақтап қалуы маңызды. Былтыр Үкімет көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдады. Соған сәйкес, елдің солтүстік өлкелерінен үй сатып алуды жос­парлап жүргендерге сертификат табысталады. Бұл сертификаттың сомасы 4 млн теңгеден аспайды, – дейді Е.Абулхатин.

Бұл – еңбекқор жастарға, жас отбасыларға ұсынылып отырған мүмкіндіктің бірі ғана. Көші-қон саясатындағы осы қадам оң­түс­тікте тығыз орналасқан ха­лық­ты солтүстік өлкелерге қо­ныс­тан­ды­руға әлі де болса септе­се­ді деп ойлаймыз. Қазіргі урбани­за­ция үдерісіне назар аударсақ, жыл өткен сайын шал­ғайдағы шағын ауылдардың жойылып бара жатқанын бай­қауға болады. Халықтың басым-көпшілігі қолдан келсе, аудан орталығына жақын ауылдарға қоныстады. Бұл үдеріс, әсіресе елдің солтүстік аймақтарында жиірек байқалады.

Шетел асатындар, білім алып, ел ішінде жұмыс бабымен бір аймақтан екінші аймаққа кө­шіп-қонатындардың дені – жас­тар. Олар қайда білім алып, қай­да жұмыс істесе де таңдау – өз еркінде. Бірақ шешім қа­был­дар алдында мемлекеттік бағ­­дар­ла­ма­ларға назар аударса, ізденсе, ар­тық етпейді. Мысалы, «Сер­пін», «Бола­шақ» бағдар­ла­ма­сымен жас­тар ел­де, шетелде те­гін білім алса, мем­лекеттік бағ­дар­­ла­маға назар аудармай, солтүстікте не­­месе шетелде шы­­­ғындалып, өз қ­а­­ра­жатына білім алып жүргендер көп.

– Жастардың шетел асып, еңбек еткені, білім алғаны бізге тиімсіз деуге болмайды. Керісінше, олар шетелде сапалы білім алып, ысылып, жақсы маман ретінде қалыптасып оралса, бізге олжа. Бізге Өзбек­­станнан, Тәжікстан мен Қыр­ғыз­станнан жұмыс істеуге келе­тіндер бар. Аталған елдерден шамамен бізде 300 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. Еліміздің азаматтары да күні бүгінге дейін Ресейде еңбек етті. Әрі олардың басым көпшілігі – біліктілігі бар мамандар. Мұнайшы, IT саласын игергендерге де сұраныс болды. Жастар еңбекқор, жұмыстан қашпайды. Әркім өз болашағы, отбасы үшін еңбек етіп жүр. Ал еңбек көші-қоны табиғи үдеріс деп айтар едім. IT сала бізде жақсы дамыған. Мамандар жеткілікті. Сол үшін де Өзбекстан бізден, басқа да алыс-жақын елдерден маман тартып, IT саланы өркендетуге тырысып жатыр. Осылай бізге де шетелден келіп, бірнеше салада еңбек етіп жүрген білікті мамандар бар. Біздікілер сол мамандардан білмегенін үйренеді. Бұл – қорқатындай емес, қалыпты құбылыс, – дейді Е.Абулхатин.

Қай мемлекет болсын, бі­лімді, біліктілігі жоғары маман­дар­ға есігін айқара ашады. Да­мыған елдердің қай-қайсысы да тәжірибелі маманды шетке ысыр­­майды. Білікті маман бізге ғана емес, бүкіл елге қажет. Бүгінде ел азаматтарына Қатарға барып жұмыс істеуге мүмкіндік қа­ра­с­тырылды. Ұлыбританияға мау­сымдық жұмыстарға баруға болады. Сол секілді Оңтүстік Кореямен жұмыс бойынша келісім жүріп жатыр. Бұл бағытта жа­ғымды жаңалық көп, келешекте әлі де ұтымды шешімдер қа­был­данатын секілді. «Team Qazaqstan» жобасының жетекшісі, Ұлттық құрылтай мүшесі Олжас Сүлейменмен әңгімелескенде, ол да шетелге білім алуға, адал еңбек етуге барғандарды қолдау керек деген пайымды құптайтынын айтты.

– Ұлттық құрылтайда сан-саланың білгірлері өз сала­сын­дағы, өз өңіріндегі қор­да­ланған өзекті мәселелерді ортаға салды, талқылады. Құрылтайда Президент жастарды білімге ұмтылуға, жұмыссыздықпен күресуге шақырды. Жасанды интеллектіні дамыту туралы ой-пікір айтылды. Иә, жасанды интеллекті – келешекте айналысатын емес, бүгін қолға алатын дүние. Қазір елде жасанды интеллектінің қыр-сырын жетік білетін жастар аз емес. Сәтті жобалар жетерлік. Жұмыс, білім жөнінде ой қозғағанда тағы бір маңызды мәселеге назар аударуымыз керек. Отанын сүйетін азаматтар елдің, жердің қадірін жырақта жүргенде екі есе түсінеді. Шетел асқан жастар сол жерде қалып кетеді деген қате түсінік бар. Негізі, дұрыс тәрбие көрген азамат халқына, өзінің өлкесіне жанашыр болады. Жастар қазір ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге сай болуы қажет. Оған жастардың қарым-қабілеті, өресі жетеді. Егер жастар шетелге шығып адал еңбек етсе, отбасын асыраса, оның өзі – елге пайда. Тәжірибе жиып біліктілігін арттырады, таным-түсінігі кеңейеді, – дейді О.Сүлеймен.

Қорыта келе, шетел асып, білім алуға ұмтылғандар мен адал табыс табудың қамымен жүргендерге мүмкіндік мол екенін түсіндік. ТМД елдерінен бөлек, экономикасы әлдеқайда қуатты мемлекеттерге барып, заңды түрде жұмыс істеуге де жол ашылып келеді. Еңбек миграциясына қатысты екіжақты келісім арқылы реттелетін шаруаларды үйлестіру, ұсыну мемлекеттің еншісінде болса, сол мүмкіндікті пайдалануға, адал еңбекпен адал табыс табуға кім-кімнің болса да мүмкіндігі бар. 

Дереккөз: https://egemen.kz/article/361223-enhbek-dgane-el-tutastyghy
09.04.2024

Возврат к списку