Жаңалықтар
Жастарды қолдаудың отандық үлгісі

Жастарды қолдаудың отандық үлгісі

Жастарды қолдаудың отандық үлгісі

Жастарды қолдаудың отандық үлгісі

Егер дамыған АҚШ-тың өзін алсақ, жастармен жұмыс, жастар саясаты, жастар ұйымдары деген ұғым мүлдем кездеспейді. Германияны алсақ, арнайы мемлекеттік тиісті мекемені де кездестіру қиын. Жалпы жастар саясатына көңіл аудару әр елдің даму сатыларында өз алдына көзқараспен бағамдайды. Дегенмен, өз сара жолын, тәуелсіз дамуына нық қадам басқан еліміз үшін жастардың мәселесі өз алдына үлкен бір стратегиялық даму бағыты ретінде қарастырылған. Бәлкім, ТМД елдеріндегі Әзірбайжандағыдай арнайы министрліктің деңгейінде қарастырылмаса да, оптимальдік тұрғыдан азаматтық сектордан бөліп жармай мемлекеттік саясаттың негізінде қолдап, тікелей нәтижеге бағдарланған саяси механизмнің шеңберінде негіздеу орынды шешім. Бұның негізгі айғағы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен жастар саясатын арнайы әлеуметтік топпен жұмыс ретінде қарастырылуы болмақ. Ал бұл өз алдына бүгінгі қазақстандық жастар саясатының моделі деп саналады.

Кешегі тәуелсіздік жылдарының талай сын қатерлерінде басты фигурант  жастардың жүруіне, әрине мемлекеттік аппараттың үнемі араласуы заңдылық болды. Өйткені, балам дейтін еліне, жастардың ертеңгі болашағы мысқалда болса бір сәтке ойландырмай келді. Әйгілі Б.Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» киносындағы «Кім сотқар, Қожа, кім өтірікші Қожа!» дегендей, соңғы жылдары қылмыскер де, лаңкес те сол жастарға тиесілі болып алғандай. Бұл да ащы заңдылық. Кейде отбасында үлкендері қалай аяққа тұрып кетеміз деп жүргенде, балаларының қалай ер жетіп, ауылдың апайтөс бозбаласы болып алғанын да байқамай қалып жатады. Осылай «кішігірім мемлекеттегі» құбылыс - қоғамда, мемлекеттік кеңістікте әр-қилы қырымен көрсетіп кетеді. Ия, тәлім-тәрбиені де осында қатар алып жүру отбасында қаншалықты маңызды болса, мемлекеттік жастар саясатын жүргізіп отыру соншалықты маңызды екендігін айқындайды.   

Қазақстан Республикасы Ұлттық министрлігі Статистика комитетінің мәліметінде өткен жылы еліміздегі жастардың 14-29 жас аралығындағы саны 4 099, 6 мың адамды құраған. Аталған жастардың санымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті айналысады. Расында айналдырған санаулы қызметкерлері бар мекеме қалай, қай деңгейде үлгіріп жатады деген заңды сұрақ туса, әлбетте мемлекеттік жастар саясатының институционалды дамуында осыдан бес жыл бұрын 2012 жылдан бастап барлық 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларында өңірлік жастар саясаты мәселелер жөніндегі басқармалары құрылып, солар арқылы жергілікті жастар саясатын жүзеге асырады. Бүрын жастардың жұмыссыздығы, ағартушылығы, денсаулық сақтауы, қоршаған ортаны қорғауы, бұқаралық-қоғамдық орны бұрын әрбір салалық министрліктерге тиесілі қарастырылса, енді арнайы құзырлы органға ықшамдалып, бюрократиялық кедергілері максималды түрде алып тасталынған режимде қимылдауда. Олар жергілікті ресурстық мүмкіндіктерге негізделе Әкімдіктердің басқармаларында көрініс тапты.

Алайда, 2016 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында жастар саясатын іске асыру жөніндегі мәселелер Ішкі саясат басқармаларының қарауына ауысқан жайттар орын алса да, мемлекеттік жастар саясатының мөлшерлік нәтижесі өзгеріссіз қалған. Мейлі, бөлім болсын, басқарма болсын,  жастар саясаты өз деңгейінде өңірлерде жүріп жатыр, бастысы осы.

Жастардың әлеуметтік ерекшелігі, олар үнемі ізденіс үстінде жүретіндігінде. Бірі жұмыс, бірі рухани сенім, бірі білім, бірі субмәдениетін іздер, әйтеуір белсенді іздеу үстінде. Десе де, жастар тобының әлсіз тобы көбіне ауылдан шығып жатқанын қанша жасырғанымызбен, бұл мәселені шешуге тиісті механизм үнемі қажет етілуде. Оқуға түсу үшін квота, жер шарушалығымен айналысам десе субсидия бөлінер, жалпы жастардың тең жартысы 2,1 млн. адамы еңбекпен қамтылған. Соңғы 2016 жылғы мәліметте тек 92,8 мыңы жұмыссыз, бәлкім жұмыс ізденісі үстінде шығар, әйтеуір бос отырмағаны анық, бұны ең мықты әлеуметтік сауалнамада анықтап бере алмайды. Себебі, бос отырып қалу табиғи-физикалық тұрғыда мүмкін емес жағдай. Жас бола-тұра жұмыссыз болу арға сын болғандықтан, осылай деуге тура келіп тұр.

Егер максимализмді алдыға салып, өрмелеп шығып күн болуға талпынған жас міндетті түрде өзіне қолайлы ортаны таңдап, сол қалаға ұмтылады. Бұны теорияда урбанизация деп жүрміз, яғни ауылдан қалалық аймаққа толқындап кету. Дегенмен, осы жастардың тобын маргинал деп атауға аузымыз бармаса да, мүмкіндігі әлеуметтік-ақпараттық, логистикалық шектеулі ауыл жастарына жалпы қолданбалы-танымдық ақпарат көздері, азаматтық сауаттылық, саяси мәдениет, діни, құқықтық, қаржылық, мамандықты бағдарлап таңдау, кәсіпкерлік, сауаттылықты жасақтау сияқты мәліметтердің жетіспейтіндігін жоққа шығара алмаймыз.

Олар қалада өмір жолдарын бастағанда, қоғамға араласуында қала жастарына қарағанда, әлде-қайда баяу, енжар, түрлі қауіпті бойларынан қиын-ауыртпалығымен өткізіп жатады. Кейде морт сынып қылмысқа, жүйкенің тозуына ұрынып жатады, бұл әлеуметтік шиіленісуіне қауіпті үрдіс. Көбіне сол жастар қоғамда адасып, алданып, қателесіп жүреді. Сол себепті, кезінде сарапшылардың үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық жобалары адресті әрбір ауданның ауылдық округтерін қамтыса деген пікірлері, осыған қоса мемлекет немқұрайлы қарамауы керек деген сын-лебіздері болған еді.

Міне, осы мәселеде өз шешімін тауып жастарға атаулы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін арнайы жастар ресурстық орталықтарының желісі аймақтарда кең ашылып үлгерді. Осы күндері республика бойынша барлық жастардың ресурстық орталықтарының саны 207-ге жетті. Қазір өңірлік жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің штаттық саны 1869 адамды құрайды. Бұл да сөзден іске көшкендік деп ұғынғанымыз жөн.

Сонымен қатар, әрбір аудан басшылығы жанынан жастардың аймақтық кеңестері құрылды, әр түрлі саланың жас өкілдері іріктелініп, ортақ келісіммен жергілікті әлеуметтік туындайтын әрекеттерге бейбіт, өркениеттік жолдармен шешуге жұмылдыратын, жастарға қажетті жобалардың аймақтық ерекшелігіне қарай анықтау үрдістері жолға қойылуда. Себебі, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деп кең аумақта жатқан облыстардың экономикалық-әлеуметтену үрдісіне қарай жастар саясатының шешімі де өз алдына ерекше. Мысалы, Алматының мәдени даму деңгейінен туындайтын жастармен жұмыс, Оралдағы, Өскемендегі бағыт-бағдармен үйлеспеуі бек мүмкін. Дегенмен, ортақ мемлекеттік саясат пен азаматтық қағидаларға негізделген шешім алаңдарының форматтары жүзеге асырылуда.

Бұған күшейтіліп келе жатқан өңірлік жастар істері жөніндегі кеңестерінің қызметін айтсақ та жеткілікті. Жауапкершілік жергілікті басшылықтың тікелей құзыреттеріне жүктелген. Барлық деңгейдегі әкімдер аталған кеңестерді өздері басқарады. Аталған жастар кеңестерінің жергілікті деңгейдегі маңызы әрбір жастың өз аймағының алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйрету, баулу, үлкен тәлім-тәрбиелік қоғамдық мектептерін жасақтау болмақ. Сол жастар келешекте өсе-келе дайын жергілікті кадрлық құрамды жасақтап жатса, идеяның өз мақсатына жеткені емес пе?! Кадрлық даму резервін осылайша азаматтық сектор арқылы өсіруге де болатындықтың бір дәлелі осында.

Бұған әсіресе, әлеуметтік нысандағы жетімдер үйлерінен шығатын түлектер мен әскерден қайтіп келгендерге, бас бостандығынан айырылып мерзімін өтегендерге, мүгедектігі жағынан мұқтаж жастарға, ауылдан шыққан  шығармашылық ізденіс үстіндегі өнер иелеріне, діни теріс ағымнан айыға алмай жүргендерге, мамандығын дұрыс таңдамай бірақ таудай талабы зор адасқан мамандарға, кәсіпкерліктің бір ұшын ұстай алмай алайда креативті тың өңірлік бизнес идеялық жобалардың ізінде жүргендердің тобына бағдарланса, қоғамдағы мұқтаж жастардың әлсіз топтарын да ескерілуіне мүмкіндіктері ашылары сөзсіз. Сондықтан жергілікті аймақтарда жастарға бағдарланған азаматтық қағидалардың ықпалы аймақтардағы мемлекеттік сектормен ымыраласа жұмыс істеуінен көрініс табатынына сеніміміз мол. 

Осы ретте отандық кәсіпорындар мен ЖОО-ы, колледждердегі Жастар ісі комитеттерінің қоғамдағы орнын естен шығармауымыз керек. Ел бойынша 949 комитетті құрайтын - 120 ЖОО-да, 649 колледждердегі, 180 кәсіпорындардағы аталған мекемелер тұтас жастардың-студенттік, жас мамандардың тұлғалануына, әлеуметтенуіне, мамандануына бірден-бір әсер ету ықтималдығымен белгілі. Олардың негізгі міндеті әуелі сол оқу орнының патриоты, содан барып сол елдің жанашыры ретінде моральдік үлкен мультипликативтік эффектісімен маңызды.

Өткен жылдың 1-і желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның жастар форумында» республика жастарымен кездескен кезінде, тек кәсіби білімнің арқасында жұмысшы жастарды, еңбек адамын тәрбиелеп шығару керектігін, сол бағытта барлық мемлекеттік саясатты жүргізетіндігін жеткізген болатын. «Ал келер жылы тегін кәсіптік білім беру жүйесі іске қосылады. Бұл жұмыссыз жүрген 58 мың жасқа екі қолға бір күрек тауып беруге септігін тигізбек» деген Елбасы, жұмысшы кәсібін жандандыруға көңіл бөлді.

Осы себепті қоғам мен нарықтың маманға қойылатын міндеттерімен бірге, көтерілгелі отырған білім саласындағы кәсіби оқыту мәселесі де уақыт талабына сай өзгеріске ұшырайтыны анық. Себебі, кешегі жоспарлы нарыққа жас маманды негіздеуден гөрі, бүгінгі заманауи тек қажетті кәсіпке бейімдеудің маңызы жоғары. Осыған орай, білім жүйесінің арнасы да осылай бұрылуы тиіс. Ал аталған бастаманы жүзеге асыруға әлемдік озық тәжірибелерін енгізуге қазір толық мүмкіндіктердің бар екендігіне сенеміз.

Ең бастысы ауыл не қала жасы болсын, соларға мамандық таңдауда  мамандықты бағдарлауды кешеуілдетпей, Германия, Австрия, Канада елдеріндегідей бала-бақша, бастауыш сыныпта кәсібін бағдарлау үлгісінен тәжірибе алса, әлбетте, бұл жерде азаматтық ұйымдардың, жергілікті басқару мекемелері мен кәсіптік-мамандандырылған оқу мекемелерінің белсенділіктеріне байланысты жүрмек. Айтпақшы, бұған қатысты «Еңбекке жиырма қадам» атты Елбасының мақаласы естеріңізде болар, сонда «баланың болашақ мамандығын бойындағы қасиет-қабілетін анықтау арқылы бейімдеу пәндерін, әрекеттерін бастау керек!» дегені осы жерде өзекті. Бұл бүгінгі жас түлектер мен олардың ата-аналарының 9-бен 11-ы сыныпты бітірердегі болашақ мамандықты атүсті ойлану әдетін түбегейлі өзгертуі керек. Егер Елбасының  айтқан өнегелі сөзін тыңдар құлақ болса...

Жалпы өз шешімін ақырын жүріп, анық басқан отандық жастар саясатының кешенді қадамдарын айшықтасақ, жастарды дамытудың жаhандық индексі бойынша Қазақстан Республикасы 183 мемлекеттің ішінен 61 орынды иеленгендігін айтпай кетпесек болмайды. Бұл көрсеткіш еліміздің жастарды - жұмыспен қамту, саяси және азаматтық қатысу белгілері бойынша артымызға қызмет көрсету, қонақүй, текстиль өндірісінен әлемдік үздік бестігіне кіретін Түркияны (62 орын), аймақтық державалар Ресей (110 орын) мен Қытайды (118 орын) қалдырып отыруымыз, жастар саясатына деген мемлекеттік көзқарас пен көңіл бөлудің айқын дәлелі болатын дүние.

Албырт жастардың мәселесін шешуде жас тәуелсіз еліміздің үлесі осылайша қуанта берсін, сондықтан «жастар мен жас ел» егіз ұғым екенін ұмытпайық, ағайын.

Мақсат Жақауов, аймақтанушы

04.05.2018

Возврат к списку